Қарағандылық студенттер халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды медицина университетінің студенттері Жангүл Жеңіс пен Асыл Аршкенов «Медицина виртуоздары» практикалық дағдылар бойынша I Халықаралық олимпиада жеңімпаздарының дипломдарымен марапатталды. Шараны Ташкент медицина академиясы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық студенттер халықаралық олимпиадада жеңімпаз атанды

Олимпиадаға ТМД елдерінің медициналық университеттерінен 14 команда қатысты. Қазылар алқасының құрамында денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін жоғары білікті мамандар, ДДҰ мен ЮНЕСКО сарапшылары болды.

Байқауға қатысушылар академияның симуляциялық орталығындағы «Симуляторда есептерді шешу (виртуалды науқас)», «Симуляторда жедел медициналық көмек көрсету дағдылары» және «Мануалдық дағдыларын көрсету» сияқты станцияларда өз тәжірибелік дағдыларын көрсетті.

Қарағандылық «Мейірбике ісі» академиялық бакалавриат мамандығының 3-курс студенттерінің білімдері мен дағдыларын байқау төрешілері бірауыздан жоғары бағалады.

Жангүл Жеңіс «Ең білімді» номинациясында жеңіске жетсе, «Ең мақсатты» номинациясында Асыл Аршкенов үздік атанды. Командалық жарыста да олар көптеген қарсыластарынан оза түсіп, «Ең ерекше команда» атанды.

«Мен бір нәрсені сенімді түрде айта аламын: жеңіске жету оңай болған жоқ. Қарсыластар өте мықты болды және тек жеңіске ұмтылды. Мен үшін ең қиыны және есте қалғаны виртуалды науқаспен жұмыс істеген кезең болды», – дейді Асыл Аршкенов.

Жангүл Жеңістің айтуынша, олимпиада көптеген жаңа және қызықты нәрселерді үйренуге және тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берген.