Қарағандылық ультрамарафоншы Заңғар Әлкенов 440 шақырым қашықтықты еңсермек

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды гарнизоны әскери полиция басқармасының қызметкері Заңғар Әлкенов жаңа ультрамарафонға дайындалуда. Ол өз жүгірісін Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арнамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық ультрамарафоншы Заңғар Әлкенов 440 шақырым қашықтықты еңсермек

«Бұл менің соңғы жүгірісім болады. Әрине, спортпен айналысуды тастамаймын, дене шынықтырумен айналысамын, бірақ марафондарсыз. Биыл 440 шақырымды бағындырғым келеді. Бұл жетістікті мен біздің еліміз 2022 жылғы 7 мамырда атап

өтетін Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орайластырмақпын. Мен арнайы жоспарға сәйкес айналысамын — бұл тамақтану, жаттығу процесі және

дене шынықтыру ерекшеліктері. Жаттығулар қызметтен бос уақытта ғана өтеді,

бірақ іссапарда жүргенде дайындықты тоқтатпаймын. Басшылық менің бастамама түсіністікпен қарайды және қолдайды», — дейді Занғар Әлкенов.

Ультрамарафоншы әрдайым спортпен шұғылданып, жекпе-жекпен, самбомен айналысты, қазақ күресінен Қазақстан құрамасының құрамында болды. Ол қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан спорт шеберіне үміткер. 2012 жылы жарақат алғаннан кейін жекпе-жек өнерін ұзақ қашықтыққа жүгірумен алмастырды.

Естеріңізге сала кетейік, Заңғар Әлкенов өткен жылдың мамыр айында 320 км қашықтықты жүгіріп өткен болатын. Жүгіруші марафонын Жезқазғанда бастап, туған өлкесі Жаңаарқаға дейін жетті. Одан бір жыл бұрын спортшы 200 км қашықтықты бағындырды.

Ультрамарафоншы қазақстандық Рекордтар кітабына енді.