Қарағандылық волонтерлер бір айда 16 мың адамға көмек көрсетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Сарыарқа жастары» облыстық волонтердер штабы құрылды. Онда кез келген тұрғын қоңырау шалып, көмек сұрай алады. Еріктілер тапсырыс қабылдап, қарт адамдарға дүкеннен азық-түлік, дәріханадан дәрі-дәрмек жеткізеді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық волонтерлер бір айда 16 мың адамға көмек көрсетті

Штабта қазір 150 ерікті жұмыс істейді. Еріктілер қозғалысына қосылуға ниет білдірушілер Belsendi Azamat платформасында тіркеле алады (сайт https://ba09.kz/).

Жалпы облыс бойынша еріктілер қатарында мыңнан астам адам бар. Тек соңғы айда олар 158 акция өткізіп, 16 мыңнан астам адамға көмектесті. Бұл 5 000-нан астам көп балалы және аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты қарт адамдар, мүгедектер және басқа да әлеуметтік қорғалатын санаттар.


Еріктілер демеушілер бөлген 16 млн теңгеден астам сомаға азық-түлік таратты. Сондай-ақ, олар мұқтаждарға тарату үшін көп рет қолданылатын маскалар тігуді ұйымдастырды.

Қауіпсіздікті сақтау – маңызды фактор, деп атап өтті штабта. Волонтерлер маскалармен, резеңке қолғаптармен және антисептикпен қамтамасыз етіледі.

Еріктілер штабының телефондары: (8-7212) 40-21-33, 8-701-339-37-33 (WhatsApp), 8-702-6357331 (WhatsApp).