Қарағандылықтар дәнді дақылдарды қыркүйектің соңына дейін жинап тастамақ

Болжам бойынша биылғы жылы дәнді-дақылдардың орташа түсімі бір гектардан 8 центнерге дейін жетеді. Жаздың құрғақ күндеріне қарамастан бұл көрсеткіш соңғы жылдардың орташа деңгейін құрайды. Аймақтың ору науқанына дайындығы аппараттық жиналыста талқыланды.
«Облыс бойынша 785 мың га дәнді дақылдар және бұршақ дәндерін, 8 мың гектардан астам картоп және 1,5 мың га көкөніс жинау, сонымен қатар жем-шөп әзірлеу жұмыстары жасалуы керек. Бүгінгі таңда дәнді дақылдарды жинау басталды. Алайда жұмыс баяу жүріп жатыр», - деді Ерлан Қошанов.
Жаз айында жауған бұршақтың салдарынан шаруалар кейбір егіндерінен айырылып қалды - 8,7 мың га аумақтағы егін жоққа шығарылды.
«Қазіргі таңда барлық аудандардың ауылшаруашылықғы өнім өндірушілер дәнді дақылдарын оруға кірісті. 4-ші қыркүйекке дейінгі мерзімде 180,7 мың га егін жиналды, орташа өнімділік бір гектардан 7,7 центнер дақылдан алынбақ»,- деп мәлімдеді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов.
Егінді жалпы жинау нәтижесі 8 ц/га орташа өнімділікте 630 мың тоннаны құрайды деп күтілуде. Бидай 506 мың тонна көлемінде жиналады деп жоспарланып отыр.
Алқаптарға 2000-нан астам бидай ору комбайндары шығады. Бөлек егін оруға 528 аудармалы дестелегіштер бар.
«Алдын ала есеп бойынша барлық комбайндардың бір күндік өнімділігі 39 402 га болса, дәнді дақылдарды жинау мерзімі 20-25 күнді құрауы тиіс. Бір бидай жинау комбайнының маусымдық жүктемесі облыс бойынша орташа есеппен алғанда 270 га нормативімен 356 га болады», - деді баяндамашы.