Қарағандылықтар жолақыны электронды терминалдар арқылы төлейтін болады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Сәуір айының соңына қарай Қарағандыдағы қоғамдық көліктерде электронды төлем терминалдары орнатыла бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағандылықтар жолақыны электронды терминалдар арқылы төлейтін болады

Қарағандыда 20 сәуірден бастап кореялық инвесторлар жолаушы тасымалдайтын барлық автобустарға электронды терминалдар орната бастайды.

«Қарағандыға арналып жеке терминалдар жасалып жатыр. Оны дайындау барысында біздің өңірдің климаттық жағдайлары ескерілетін болады. 20 сәуірде терминалдарды орнату жұмыстары басталады»,- деп мәлімдеді Қарағанды қаласының Коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ескендір Қабидолла.

Сонымен қатар электронды карталар да жасалып жатыр. Мамандардың мәліметінше, картада әр жолаушының аты-жөні мен фотосы көрсетіледі. Бұл жалған жолаушы картасын алып жүру әрекетінің алдын алуға ықпал етеді.

«Заңсыз жолақы билеттерінің жасалуына жол бермес үшін оларды жеке басқа лайықтап жасаймыз. Жаңа билетте адамның фотосы мен аты-жөні көрсетіледі»,- дейді Ескендір Қабидолла.

Арайлым Сатыбалдықызы