Қарағандылықтарға заңсыз жүретін автобустардың қауіпті екені ескертілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында заңсыз жолаушылар тасымалы жиілеп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылықтарға заңсыз жүретін автобустардың қауіпті екені ескертілді

«Заңсыз маршруттардың, автобустар мен таксилердің қызметтерін пайдаланатын азаматтар денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп төндіреді. Себебі заңсыз жүргізушілер пайда табу мақсатында жол қозғалысы ережелерін бұзып, жылдамдық режімін сақтамайды. Салдарынан жолаушылар жарақаттар алып, тіпті өлімге әкелетін жол апаттары болып жатады. Статистика бойынша заңсыз тасымалдаушылар заңды жүргізушілерден гөрі жол ережелерін екі есе көп бұзып, жол апатына ұшырайтын болып шықты», - деді облыстың ІІД-дегілер.

Үстіміздегі жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан әкімшілік заңнаманы бұзуға қатысты 1421 дерек тіркелді. Ондағы  22 әкімшілік хаттама жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдаған жүргізушілерге қатысты толтырылды.

Қарағанды облысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 17 адам жарақат алған, қаза тапқандар жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда жарақат алған жолаушылар саны 30% өскен.