Қарағандылықтың онлайн-несие қарызы 1,5 жылда 20 есеге өскен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды тұрғыны Альбина Юлдашеваның 60 мың теңге көлемінде алған қолжетімді онлайн-несие қарызы 1,5 жылдың ішінде 20 есеге артып, 1,2 млн теңгеге жеткен. Бұл жайында ол ҚазАқпарат тілшісіне тарқата айтып берді.

Қарағандылықтың онлайн-несие қарызы 1,5 жылда 20 есеге өскен

Альбина Юлдашева 2016 жылдың қыркүйегінде компаниялардың бірінен 20 күнге онлайн-заем алған. Қарызды  ол аталған мерзімде 80 теңге қылып қайтаруы тиіс еді. Бірақ, осы уақытта тонауға ұшыраған ол қарызын уақытында жаба алмайды. Осыдан кейін қарыз пайызы жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай жылдам өсе бастайды. Оның айтуынша, қарызды қайтару мерзімін кейін қайтару туралы өтінішін компания қаперге де алмаған.  Қарызын шамасы жеткенше қайтаруға тырысқан ол қараша мен желтоқсан айларында 10 және 20 мың теңге жарна енгізгенімен сома төмендемейді. Тіпті, 2018 жылдың наурызында қарызы 1,2 млн теңгеге бірақ жетеді.

60 мың теңге айлығы бар қарағандылық компаниямен жүргізген келіссөздері нәтиже бермегеннен кейін істі сотқа беруді өтінеді. Алайда, компания істі сотқа бермейді. Осы уақыттың ішінде Альбина Юлдашеваның ісіне қатысты үш коллекторлық компания ауысады. Олар қарағандылықтың анасына, туған-туыстары мен достарына қоңырау шалып мазалайды.  Сонымен қатар, Албинаға үш рет бірден 120 мың теңге төлеп, істі жабуды ұсынады. Ал қарағандылық болса оған да келісіп, бірақ аталған соманы үш ай бөліп төлеуді өтінеді.

Өзінің проблеманы шешуге бағытталған әрекетінен ештеңе өнбегеннен кейін ол танымал экономист Рақым Ошақбаевқа жүгінеді.

«Оның қатысуымен қандай әңгіме болғанын айта алмаймын. Бірақ, осыдан кейін компания 1 жылдың ішінде 90 мың теңге (ай сайын 7500 теңге) төлеуді ұсынды. Әрине, мен келістім. Тіпті 200 мың теңгені әр айға бөліп тастаса төлеуге дайын едім», - деді Альбина Юлдашева.

Ал қарыз берген компаниядан осы мәселеге қатысты пікір алу мүмкін болмады.

Осы іске қатысты Рақым Ошақбаев Фейсбуктегі парақшасында жазба қалдырып, онда мұндай оқиғалардың өте көп екендігін атап өткен.

«Қаржылық жағдайы тұйыққа тірелген адамдарды оны заңды түрде рәсімдеу кредиторлардан қорғалуы үшін жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы туралы заңды тез арада қабылдау қажет», - деді ол.

Айта кетерлігі, Елбасының Қазақстан халқына арналған жолдауында қаржы нарығында азаматтардың мүддесін қорғау мәселесі де көтерілген еді.