08:26, 18 Қазан 2012 | GMT +5
Қарағандының мектеп-балабақшасында өрт болды, 51 бала қауіпсіз жерге шығарылды - ҚР ТЖМ
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Қарағандыда білім мекемесінде болған өрттің салдарынан 63 адам қауіпсіз жерге көшірілді, соның ішінде 51 бала бар, деп хабарлады ҚР ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.
Сәрсенбі, 17 қазан күні Қарағанды қаласында «№ 33 Мектеп-балабақша» кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 3 қабатты ғимараты өртене бастады. Құтқарушылардың нақтылауынша, мекеме қабырғасының ағаш қаптамасы мен кір жуатын бөлімдегі 1 метр электр сымы өртене бастады.
Жалын тілі 2 шаршы метр аумақты шарпыды. 63 адам қауіпсіз жерге көшірілді, соның ішінде 51 бала бар. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Өртпен күреске ҚР ТЖМ Қарағанды облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 21 адамы мен 6 техникасы, ҚР ТЖМ «Апаттық медицина орталығы» ММ-нің 3 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.