Қарағандының музкомедия театры маусымды жаңа премьерамен аяқтайды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – «Театр директоры» қойылымы осы маусымда Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының қорытынды штрихына айналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандының музкомедия театры маусымды жаңа премьерамен аяқтайды

Бұл спектакль үшінші ғасыр қатарынан әлемнің барлық дерлік театрының сахнасында көрерменнің көңілінен шығып келе жатқан туынды.

Қарағандылықтар үшін Вольфганг-Амадей Моцарттың музыкалық комедия пьесасын режиссер Евгения Пермякова қойды. Оның идеясы бойынша, оқиға Америкада 30-шы жылдары, Ұлы Депрессияның басында өтеді.

«Менің қойылымым – көрермен ешқашан көре алмайтын сахнаның бір түрі. Спектакльдің өзі, дайындықтар, актерлердің бір-бірімен және режиссермен қарым-қатынасы, бәсекелестік, махаббат. Мұның бәрі әр театрда бар дүние. Бірақ спектакльді құру процесі біз көріп отырған туындыдан түбегейлі ерекшеленеді», – дейді Евгения Пермякова.

Музкомедия театры әдеттегідей, Ресей Федерациясының театр қайраткерлерімен тығыз жұмыс істейді. Екі маман Санкт-Петербургтен келді. Бұл – дирижер Валентин Богданов және сценография мен костюмдерге жауапты Кирилл Пискунов. Балетте би элементтерін қоюшы Калининградтан келген Оксана Холева болды.

«Жұмысқа кірісу қорқынышты болды, бірақ сонысымен де қызықты өтті. Алғашында Моцарттың тапқыр музыкасын ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының хореографиясына қалай ауыстыру керектігі түсініксіз болды. Себебі, ол танго, чарлестон, фокстрот секілді билер. Музыка опера мен вокалға жазылған, олар би билеуге арналмаған. Міне, қиыны осында болды. Белгілі бір ырғақ пен қарқын жоқ, ойлап табуға, біріктіруге, жазуға тура келді. Не болғанын көрермендер бағалайды енді. Бірақ менің ойымша, біз Моцартты жандандырдық», – деп бөлісті Оксана Холева.

Режиссердің айтуынша, спектакль 30-шы жылдардағы Американың стилистикасы есебінен жасөспірімдер үшін де, Моцартты оригинал түрінде тыңдай алатын классикалық музыка әуесқойлары үшін де қызықты болады.

Сюжет бойынша театр директоры Франк труппасына әншілер мен актерлерді жинайды. Бірақ менмендіксіз актер бола ма? Әр адам ерекшеленіп, ең жақсы екенін, жұлдыз екенін көрсетуі керек. Қандай сезім басымырақ түседі – атаққұмарлық пен пайдакүнемдік пе, әлде өнерге деген махаббат па?

Айта кетейік, театр Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істейді.