Қарағандының Орталық саябағында мың ағаш отырғызылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағандының Орталық мәдениет және демалыс саябағында бір мың ағаш отырғызылды. Сенбілікке Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, ЖОО және колледж студенттері, құтқару қызметінің маманары, қалалық және облыстық мәслихат депатуттары қатысты, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Жаңа көшеттер саябақтың батыс бөлігінде, Ержанов көшесі жағында отырғызылды.
Өткен жылы қалыпқа келтіру жұмыстарының салдарынан 60-қа жуық ағашты кесіп тастауға тура келген.
«Ағаштарды кесу жоспарға сай жүргізілді. Бірақ сондай-ақ жоспарда олардың орнын толтырып, ағаштар отырғызып, қосымша көгалдандыру жұмыстары да қарастырылған. Бүгін 600 қарағай және 400 үйеңкі, жөке және қайың көшеттері отырғызылды. Олар аптасына екі рет суарылып отырады, сонымен бірге екі жыл көлемінде ол көшеттерді жерсініп кеткенше баптайтын боламыз. Біз мониторинг өткіздік: саябақтар мен гүл бақтары басқармасының қызметкерлері отырғызған ағаштар 92% жағдайда бейімделіп, жерсініп кетеді», - дейді саябақтар және гүл бақтары басқармасының басшысы Рустам Көдебаев.
Барлық көшеттер қарағандылық саяжайда өсірілген және жергілікті климатқа бейімделген.
Күзде саябақтың батыс бөлігінде тағы 300 ағаш отырғызылады. Олардың 150-і қылқанжапырақты болса, қалған 150-і жапырақты ағаштар болады.