Қарағандының «Шахтер» футбол клубына жаңа бапкер тағайындалды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандының «Шахтер» ФК мен украиндық маман Вячеслав Грозный екі жақты келісімі бойынша еңбек шартын бұзды. «Кеншілердің» бас бапкері лауазымына 43 жастағы Константин Горовенко тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Шахтер» футбол клубы 18 маусымда қазақстандық маман Константин Горовенкомен келісімшартқа қол қойды.
Футболшылар тәлімгері мансабын ол 2010 жылы «Сұңқар» ФК бас бапкерінің көмекшісі ретінде бастады, әрі қарай «Қайрат-1998» алматылық командасының бас бапкері болып жұмыс істеді. 2015 жылы «сары-қаралар» негізгі командасының бас жаттықтырушысының ассистенті болып тағайындалды, онымен бірге Премьер-Лига, ҚР Кубогы, ҚР Суперкубогы және Еуропа Лигасының біліктілік раундтарының қатысушысы болды. 2017 жылы бірінші лиганың «Қайрат А» клубын басқарды.
Соңғы екі маусымда Константин Горовенко «Жетісу Б» командасын басқарды.
Оның бапкерлер штабына қарағандылық жанкүйерлерге жақсы таныс қақпашылардың тәлімгері Валерий Ситало кірді.