Қарағандының «үздік актері» Қытайда ес-түссіз жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Кезекті еңбек демалысымен Қытайға кеткен Теміртау жас көрермендер театрының актері, өңірлік «Жыл актері» сыйлығының лауреаты Алексей Шумский комада жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Алексей Шумскийдің неліктен комаға түскені, оны Қытайда қалай емдеп жатқаны туралы еш дерек жоқ. Өкінішке орай, Алексей медициналық сақтандыруды рәсімдемеген. Сол себепті Қытай дәрігерлері оны тегін емдеуден бас тартқан», - дейді театр директоры Владимир Дроздецкий.

Жұма күні, 28 шілдеде әртіс Қазақстанға жеткізіледі.

«Оны қазақстандық клиникаға көшіру мәселесі шешілді. Ертең екі ел арасындағы шекарада Зайсан дәрігерлері күтіп алады. Егер дәрігерлер рұқсат берсе, Алексейді Қарағандыға алып кетеді. Болмайды десе, емдеу жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жалғасады», - дейді театр директоры.

Актер Қытайға бара жатқанда-ақ, өзін жайсыз сезінген. Бірақ сапарын үзбей, шекараны кесіп өткен.

 «Алексей ешқашан науқастанып, демалыс алып көрмеген. Денсаулығында еш кінәрат жоқ еді», - дейді Владимир Дроздецкий. - Әріптесімізді тасымалдау мәселесін шешуде көмек көрсеткен Қарағанды облысының мәдениет басқармасына және ШҚО өкілетті ұйымдарына үлкен алғыс айтамын».

Биыл Алексей Шумский «Жылдың үздік актері» атанған және Қарағанды облысы әкімінің қолынан арнайы ақшалай сыйлықты алған.

Соңғы жаңалықтар