Қарағандының үздік мемқызметшілері анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандының үздік мемқызметшілері анықталды

Бұл кәсіби байқау елімізде үшінші рет өткізіліп отыр. Оның басты мақсаты-мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік басқарудың озық тәжірибесін тарату, үздік қызметкерлерді көтермелеу болып табылады.

Биыл өңірде байқауға қатысуға 16 адам өтініш берді.

«Нәтижесінде 13 қатысушы тест тапсырды. Оның нәтижесі бойынша 7 адам таңдалды. Қорытынды кезеңде қатысушылар жеке жобаларды қорғайды», - дейді Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әсел Біләлова.

Қатысушылардың жасы мен жұмыс өтілі әр түрлі болды. Мысалы, Ерлан Төлепов мемлекеттік қызметте 19 жыл жұмыс істеп келеді.

«Мен осындай байқауға алғаш рет қатыстым. Ол мемлекеттік қызметтің имиджін арттыруға бағытталған және біз үшін үлкен ынталандыру болып табылады. Барлығымыз үшін бұл үлкен сын, өз құзыреттілігі мен дағдыларын тексеруге жақсы мүмкіндік. Менің жобам «субсидиялау қаражатын пайдалану тиімділігін арттыру» деп аталады. Бұл өте өзекті тақырып», - дейді байқауға қатысушы, Қарағанды облысы бойынша Қазынашылық департаментінің басшысы Ерлан Төлепов.

Байқаудың облыстық кезеңі бірнеше турдан құралды. Біріншісінде ынталандыру эссесін жазу керек болса, екіншісіінде - бағдарламалық құжаттарды білу бойынша тестіден өту, үшіншісі - дербес жобаны дайындау және қорғау.

«Менің еңбек өтілім 3 жыл. Байқауға қатысуға шешім қабылдадым, себебі өз кәсіби деңгейімді көтергім келеді, тәжірибе мен қосымша білім жинағым келеді», - дейді Қарқаралы ауданының қатысушысы Нұржан Қошқынбай.

Өткізілген әңгімелесудің қорытындысы бойынша өңірлік комиссия байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға ұсынылатын үміткерлерді анықтады. Жеңімпаздар «ҚР Үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгілерімен марапатталады.