Қарағандының жас әртістері Қазақстан туын түрік қаласы Мерсиннің бойымен алып өтті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпаарт - «Волшебная страна» қарағандылық балалар хореография ансамблі Мерсин қаласында (Түркия) өткен «InternationalCitrusFestivalMersin» халықаралық фестиваліне қатысты, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Қала әкімдігі ұжымды қолдап, шет елдік сапарға барып қайтуға бюджеттен қаражат бөлді.
Фестивальге әлемнің 28 елінің өкілдері жиналды: Үндістан, Ирак, Солтүстік Кипр, Болгария, Грузия, Ресей, Украина, Қазақстан және тағы да басқа елдерден. «Волшебная страна» ұжымынан Түркияға 26 адамнан құралған жастар тобы аттанды.
Ұжым Мерсин қаласының басты көшелерінде өтетін жалпы шеруде Қазақстанның көк байрағын екі рет алып өтті. Қарағандылықтар фестиваль шеңберінде түркі шаһарының үш басты алаңдарында өткен концерттерге қатысты. Аталмыш фестивальде «Волшебная страна» төрт түрлі қазақ биін орындады.
Ұжымның билері көрермендер мен шет елдік мамандардың көңілінен шықты. Ансамбль келесі жылы Мексика, Болгария, Румыния және Түркияда өтетін халықаралық фестивальдерге шақыртулар алды.
«Волшебная страна» хореографиялық ансамбль үлгілі дәрежесіне ие. Ұжым 20 жылдан бері өнер көрсетіп келеді, онда 300-ден астам бала билейді. Ансамбль қоржынында халықаралық және республикалық фестивальдер мен байқауларда жеңіп алған 50 гран-приі бар.