«Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігінің қоймасында өрт болды - ТЖМ
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат - «Қарағандытүстімет» өндірістік бірлестігінің қоймасында өрт болып, оқиғаның салдарынан екі адам зардап шекті,
деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Өрт мамырдың 19-ы күні сағат 19.10-да «Қазақмыс» корпорациясы» серіктестігіне қарасты «Қарағандытүсті металл» өндірістік бірлестігі байыту фабрикасының химиялық реагенттер сақталатын қоймасында орын алды», - деп хабарлайды дерек көз.
Құтқарушылардың дерегі бойынша, онда шамамен 36 тоннадай ксантогенат, 10 тоннадай Т80 реагенті, 8 тонна метилизобутилді кетон реагенті болған. Қойма жалпы ауданы 1512 шаршыметрлі бірқабатты ғимаратта орналасқан. Иіс тиіп уланған 43 және 39 жастағы екі адам - реагент тиеуші жұмысшылар ауруханаға жеткізілді. Өртенген жердің жалпы ауданы 400 шаршыметрді шамалаған.
Өрт бүгін таңғы сағат 6-ларда өрт сөндіру қызметінің - 26 адамның және 9 техниканың күшімен сөндірілді.