Қарағұсова елімізде күнкөріс деңгейінің не үшін төмен екенін түсіндірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттарының жазғы демалыс кезінде сайлаушыларымен кездесуі жалғасып жатыр. Бүгін «Нұр Отаннан» сайланған, бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова алматылық сайлаушыларымен кездесті.
Алматы қаласы Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуде депутат дайындалған емес, өткір сұрақтарды батыл қоюды өтінді. Сұрақ қоюшылардың бірі елімізде күнкөріс деңгейі неге төмен екенін сұрады.
«Барлық елде күнкөріс деңгейі төмен. Ыңғайсыз болса да, бұл көрсеткіш адамның физиологиялық жүйе ретінде функциясын атқаруына ғана белгіленген сома. Түсініңіз, Қазақстанда бұл баға мемлекет күнкөріс деңгейін көтергісі келмегендіктен осылай белгіленіп отырған жоқ. Біз оны көтере аламыз. Біз жоғары зейнетақы, жалақы жасай аламыз. Бірақ, еңбектеніп ақшаны табу керек? Қайдан аламыз? Білесіз бе, бір көптен бері пайдаланылмай жатқан заң бар. Онда еңбек өнімділігі көрсеткіші жалақы өсімі көрсеткішінен жоғары болуы керек екені жазылған. Бізде керісінше, біз аз өндіреміз, аз табамыз, бірақ көп жұмсаймыз. Ал барлығын жеп тауысамыз, сосын ше? Міне, сондықтан, күнкөріс деңгейі ақырындап ауысады. Дамыған елдер өте жақсы жасаған. Олар күнкөріс деңгейімен ештеңені байланыстырмайды. Біз болсақ, барлығын күнкөріс деңгейі көрсеткішімен өлшейміз. Кез келген өзгеріс болса болды, төменгі жалақы, барлық төлемдер, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерде өзгеріс болады. Айта кетейін, биыл күнкөріс көрсеткіші айтарлықтай өзгерді, оған миллиардтаған қаржы кетеді. Бұл тек, азық-түлік және азық-түлік емес карталарының өзара өлшемін анықтауда ғана болған жағдай», - деді Г.Қарағұсова.