Қарақалпақстанда 2 тамызға дейін төтенше жағдай жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзеев Қарақалпақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай жариялау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Өзбекстан Президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов Telegram арнасында хабарлады.

Қарақалпақстанда 2 тамызға дейін төтенше жағдай жарияланды

«Президент Жарлығымен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, олардың құқығы мен еркіндігін қорғау, заңдылықты қалпына келтіру және тәртіп орнату мақсатында Қарақалпақстан Республикасының аумағында 2022 жылдың 3 шілдесі күнгі сағат 00:01 минуттан 2022 жылдың 2 тамызы күнгі сағат 00:00-ге дейін төтенше жағдай жарияланды» делінген хабарламада.

Өзбекстан Ұлттық гвардиясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ТЖ кезінде 21:00-ден 7:00-ге дейін коменданттық сағат болады. Қарақалпақстанға бару және ел аумағына шығу шектеледі. Адамдар жаппай қатысатын шараларға тыйым салынады.

Комендатура бастығы болып Өзбекстан Ұлттық гвардиясының қолбасшысы Рустам Джураев тағайындалды.


Фото: president.uz