«Қарақат» мектеп-студиясының тәрбиеленушілері Түркияда өткен фестивальден Гран-примен оралды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қарақат» мектеп-студиясының тәрбиеленушілері «Golden sun» байқауында бас жүлдені иеленді.
Бұл өнер бәсекесі 3-10 мамыр аралығында Анталия қаласының маңында бірінші «IAF» халықаралық өнер фестивалінің аясында өтті.
«Шығармашылық байқаудың төрешілері жоғары марапатты «вокал» аталымында қатысқан «Жадыра» вокалдық тобына берді. Жеке жарысқа түсуде бірінші орын Томирис Бекмұрзинаға бұйырды», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне мектеп-студияның қызметкерлері.
Фестивальдің мақсаты - этникалық өнерді насихаттау, түрлі ел халықтарының арасында бейбітшілік пен жақын достастық қарым-қатынасты нығайту.
Жас таланттар хореография, вокал, би театры, инструментальды жанр және фольклор аталымдары бойынша сынға түсті. Фестивальге Қазақстан, Ресей мен Түркиядан шығармашылық ұжымдар қатысты.
Шара барысында шеберлік сыныптары, концерттер, мисс және мистер «Golden sun» конкурстары, Анталияның шығармашылық ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылды.