Қаракөлдегі аққуларға Rixos қонақүйінен аққан қалдық судың кесірі тиді ме
Ақтауда Қаракөлде қырылған аққулардың саны 828-ге жетті, деп хабарлайды Kazinform.
Бұл ақпаратты Маңғыстау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов растады. Оның айтуынша қазір осыған қатысты кешенді жұмыстар жалғасып жатыр.
«21 желтоқсаннан бері үш апта ішінде қырылған аққу саны 828-ден асты. Осыған облыс әкімі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Аталған топ құстардың қырылуына қатысты тиісті жұмыстарды атқарып, зерттеп, зерделейтін болады», — деді Ғаббас Досатов.
Сондай-ақ Ақтаудағы Rixos қонақүйінің жерасты құбырынан Қаракөл көліне ағып жатқан ағынды қалдық судың салдарынан аққулардың қырылуы мүмкін екенін көпшілік айтып, дабыл қақты. Әлеуметтік желілерде кең таралған бейнежазбада Rixos қонақүйінің қалдық суы құбыр арқылы Қаракөл көліне төгіп жатқаны анық байқалады. Бұған қатысты Маңғыстау облыстық Экология департаменті ақпараттың қаншалыққы рас екенін экологтердің сараптамасы және орнитологтердің қорытындысы бойынша анықтайтынын атап өтті.
«Экология департаменті Rixos қонақүйіне қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындады. Қаракөл суын талдау нәтижесі бойынша ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткені анықталса, қонақүйге айыппұл салынуы мүмкін. Бірақ әкімшілік айыппұл көлемі әзірге белгісіз», — деді департаменттің баспасөз қызметі.
Екі жыл бұрын Rixos қонақүйін қалдық ағынды суды Каспий теңізіне ағызғаны үшін 76 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Аталған қонақ үй Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде Каспий теңізінің жағалауында орналасқан.
Маңғыстаудағы Қаракөл көлі сулы-батпақты алқаптардың бірі болғандықтан ерекше қорғалатын табиғи аумақ қатарына жатады. Республикалық маңызы бар Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қорығының құрамына кіреді. Мұнда еліміздің Қызыл кітабына және Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына енген құстардың 20-дан астам түрі мекендейді. Олардың ішінде өте сирек кездесетін дальмат пеликаны мен ақбас үйрегі бар.