Қаракөлге құйылып жатқан қара түсті сұйықтықтан сынама алынды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстаудағы Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалының бөлігі – Қаракөл көліне құйылып жатқан қара түсті сұйықтықтан сынама алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

11 қыркүйекте Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен «Үстірт» қорығының өкілдері көлге белгісіз сұйықтықтың құйылып жатқанын таспалаған. Осыған байланысты, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментіне жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырып, тексеру жұмыстарына тәуелсіз экологтар ретінде «EcoJer» қауымдастығының облыстағы аймақтық кеңесінің мүшелерін қатыстыру туралы хат жолдайды.

Көлге құйылып жатқан сұйықтықтан сынама алынып, тиісті актілер толтырылды. Құрамы тиісті сараптамадан кейін белгілі болады.

«Бақылаушы органдардың Қаракөл көліне қалдық суларды ағызуға берген келісімдері мен рұқсат беру шарттарының орындалысы тексерілуі керек. Бұл әсіресе, «Риксос» қонақүйі (ақпан айында ағызылған қалдық сулар бойынша) мен «Батыс инжиниринг груп» ЖШС-ға (соңғы қара түсті судың ағызуы бойынша) қатысты және кінәлі тұлғаларды заң бойынша қатаң жазалау керек», - дейді «EcoJer» қауымдастығы жергілікті кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақов.

Сондай-ақ, ол Қаракөлге қонақтайтын құстарды тамашалауға жағдай жасау туралы ойымен бөлісті.

«Қаракөл суының теңізге құйылатын жеріне шлюз салуға және құстарды тамашалауға жағдай жасалса жақсы болар еді. Атап айтқанда, бақылау мұнараларын, экологиялық соқпақтар, автокөлік тұрағын салынса», - дейді ол.

Қаракөл көлі – республикалық мәні бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мұнда құстардың 170-тен астам түрі кездеседі.

Еске салсақ, мамырда Каспийге құйылып жатқан қара сұйықтыққа қатысты сынамалар алынған еді.

Соңғы жаңалықтар