Қарақшылық шабуыл жасағаны үшін іздеуде жүрген ер адам Ресейден экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан азаматын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
Күдікті 2023 жылдың тамыз айында Павлодарда біреудің мүлкін зорлық-зомбылық арқылы иемдену мақсатында осы қылмысты жасау үшін танысымен қылмыстық келісімге келген.
Жоспарларын жүзеге асыру үшін күдіктілер түнгі уақытты пайдаланып, мас күйінде бұрын таныс болған жәбірленушіні қараңғы жерге апарып, есінен танып қалғанша ұрып-соғып, 200 мың теңге мөлшердегі мүлкін жымқырған. Көптеген дене жарақаттарының салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген.
Сыбайластардың бірі бұған дейін 5 жылға бас бостандығынан айырылған, ал екінші айыпталушы қашып кеткен, сол себепті оған халықаралық іздеу жарияланған.
2024 жылдың сәуір айында ол Ресей Федерациясының Түмен қаласының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.