Қарақшылар полицейлерге оқ жаудырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдегі Омбы қаласында бұрын қарақшылық шабуылдар жасаған екі ұры қылмыстық іздеу қызметкерлері мен арнайы жасақ сарбаздарына оқ жаудырды.
Бұл оқиға оларды ұстау кезінде, Оконешниковский ауданының Сергеевка ауылында сейсенбі күні таңғы сағат 06:45-те болған, деп мәлім етті Ресей ІІМ Омбы облысы бойынша басқармасының бастығы Юрий Томчак.
Томчактың сөзіне қарағанда, 1983 және 1985 жылы туған ағайындылар жекеменшік үйде жасырынып жатқан. Екеуі қашпаққа әрекеттеніп, өздерін қоршауға алған арнайы жасақтың жауынгерлері мен полицейлерді шолақ мылтықпен атқан. Қылмыскерлердің бірі терезеден секіріп түскен кезде ұсталды, ал екіншісі жертөледен табылды. Қару тәркіленді. Қазір олардың кім екендіктері және «криминалдық биографиясы» анықталуда. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.