Қарақшыларға қарсы ұйымдастырылған операция сәтті өтті - апталық брифинг

Операцияның атқарылу барысы жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның мәліметтеріне қарағанда, операция аясында қолданылған шаралар бұрын жасалған 27 қарақшылық әрекет пен 107 тонау оқиғаларының бетін ашуға мүмкіндік берді. Алматы қаласында валюта айырбастау орындарын 5 рет тонап, 2 рет қарақшылық шабуыл жасаған Оңтүстік Қазақстан облысының 18 бен 24 жас аралығындағы
7 азаматы қолға түсті. Олардан бетперделер мен ұрланған ақшаның біраз бөлігі табылды. Сондай-ақ қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 48 азамат қолға түсіп, олардың 43-і қамауға алынған. Ал тонау әрекеттерімен айналысқаны үшін күдікті 210 азаматтың 55-іне кісен салынды. Операция аясында қарақшылықпен айналысып жүрген 31 адамнан тұратын 11 қылмыстық топтың жолы кесілді. Сондай-ақ кісі тонап жүрген 70 адамнан тұратын 25 қылмыстық топ өкілдері қамауға алынды.