Қарақшылық өнімдермен күресте ақпараттық насихат мықты болуы керек

НР-дің қауіпсіздік жөніндегі аймақтық менеджері, Еуропа, Африка және Таяу Шығыс бойынша қарақшылық өнімге қарсы зерттеу тобының жетекшісі Лукас Дрликтің айтуынша, заңсыз өнімдермен күресте жергілікті билік, өндіруші компания және тұтынушылардың бірлескен іс-қимылдары жақсы нәтиже береді. «Заңсыз өнім әдетте белгілі брендтердің көшірмелері болып табылатындықтан, қарақшыларға үлкен табыс әкеледі. Тұтынушылар көп жағдайда тауардың түпнұсқасы деп, қарақшылық өнімдерді алып жатады. Нәтижесінде өнім ойдағыдай болмай брендке де, алушыға да зиян келеді. Бұл - ақпараттың аздығынан. Сондықтан жергілікті билік пен құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге біз дайынбыз» дейді НР-дің аймақтық менеджері. Оның айтуынша, Қазақстан заңсыз өнімдердің тура жолында отыр. Осының салдарынан Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияда, нақтырақ айтқанда Қытайда өндірілген заңсыз өнімдердің негізгі тұтынушысы әрі Шығыс Еуропаға өткізуші транзиттік жол болып табылады. Лукас Дрликтің айтуынша, бұл ретте ақпараттық насихат күшті болуы қажет. «Біз бұл бағытта әлемдік бағдарлама дайындадық. Алдағы уақытта бұл бағдарлама Қазақстанға да жетеді», деді белгілі брендтің өкілі.