Қаралы күнгі видеосынан кейін Петропавлда блогер қамауға алынды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда блогер Ирина Антоненконың жалпыұлттық аза тұту күні әлеуметтік желіде жариялаған видеосы қоғамның қызу талқысына түсті. Кейін оның 10 тәулікке қамалғаны белгілі болды. 

в
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Әлеуметтік желілерде тараған видеода Ирина Антоненко қайтыс болған әскери қызметшілерді жеке танымайтынын, туыстық жақындығы болмағандықтан аза тұтуға міндетті емес екенін және өзінің күнделікті өмірін жалғастыра беретінін айтқан.

Жазба көп ұзамай өшірілгенімен, оның көшірмелері TikTok және Instagram желілерінде тарады. Көпшілік блогердің бұл әрекетіне наразылық білдірді. Желі қолданушылары оның сөзін қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына құрметсіздік ретінде қабылдап, құқық қорғау органдарынан оқиғаға құқықтық баға беруді сұрады.

а
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Полиция қызметкерлері блогердің жеке басын анықтап, 42 жастағы Петропавл тұрғынымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, ескерту жасаған. Кейін Антоненко әлеуметтік желіде кешірім сұрап, болған жағдайға байланысты өкініш білдірді. Алайда қоғамда резонанс тудырған оның әрекетіне қатысты пікірталас жалғасты.

в
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Бүгін Ирина Антоненко 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

ы
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

- Полиция 25 қыркүйекте, жалпыұлттық аза тұту күні әлеуметтік желілердегі тікелей эфир барысында әрекеттеріне құқықтық баға берілген Петропавлдың 42 жастағы тұрғыны Ирина Антоненконы анықтады. Осы факті бойынша полиция тексеру жүргізіп, материалдар жинақтап, сотқа жолдады.

в
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

29 қыркүйекте сот әйелге ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындады. Фактіге заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілді. «Заң мен тәртіп» қағидаты баршаға ортақ, - делінген ведомство хабарламасында. 

в
Фото: СҚО ПД баспасөз қызметі

Бұған дейін TikTok-тағы балағат сөз айтқаны үшін Шымкентте төрт блогер қамауға алынғанын жазған едік.