Карантин: Атырау облысында шектеу шаралары тағы да созылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында карантин шектеу шаралары тағы да ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Мәдениет Танауовтың жаңа қаулысында айтылған.
«Атырау облысының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық және (немесе) өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары ұзартылсын. Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін» -делінген құжатта.
Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес, Теңіз кен орнында карантин шаралары эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылып отыр.
«Теңізшевройл» ЖШС, Теңіздегі жедел штаб, мердігерлік ұйымдардың және басқа кәсіпорындардың басшыларына вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмысшылар арасында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін мердігер компаниялармен COVID-19 ошақтарын оқшаулау бойынша нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу, науқастануы симптомсыз өтіп жатқан инфекция жұқтырған науқастарды оқшаулау үшін Теңіз кен орнында қосымша карантиндік орындар ашу жүктелген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанын жазған едік.