Карантин: Елордада түнгі клубта сайран салғандар полиция учаскесіне жеткізілді
«20 қыркүйек күні сағат 01.40-та «Алания« түнгі клубының жұмыс істеп тұрғаны және келушілер шулап жатқаны туралы хабарлама түсті. Шақырту бойынша оқиға орнына полиция жасағы жіберілді. Полиция қызметкерлері келген кезде залда көңіл көтерушілер толы болған. Көңіл көтерушілердің бір бөлігі бар үстелшесінің жанында музыка тыңдап отырса, келесі бөлігі билеп жүрген», - делінген Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің ақпаратында.
Департамент мәліметінше, көңіл көтерушілердің ешқайсысы қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Осылайша, карантин талабын бұзған 30 адам Алматы аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Олардың барлығы да түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Сонымен қатар карантин режимін бұзуға қатысты жиналған материалдар халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласындағы заңнама талаптарын, сонымен қатар гигиеналық нормативтерді бұзғандарды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберілді.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті көңіл көтеру орнына бару арқылы өзіңіздің ғана емес, төңіректегі адамдардың да өміріне қауіп төндіретініңізді ескертеді. Карантин шараларының жеңілдетілгендігіне қарамастан, вирус жұқтыру қаупі әлі сақталып отыр және санитарлық нормаларды сақтау қажет», - деді ведомстводан.