Карантин: Қарағанды облысында жыл басынан бері 3 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында қазіргі таңда 122 мониторингтік топ жұмыс істейді. Облыстағы объектілердің жалпы саны 13670 құрайды. Оларды тексеру үшін мемлекеттік қызметкерлер, полиция, қоғам белсенділері, волонтерлер қатарынан 600-ге жуық адам жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин: Қарағанды облысында жыл басынан бері 3 мыңға жуық заңбұзушылық анықталды

«Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мониторингтік топтар 176 168 нысанды тексерді, 2771 заңбұзушылық анықталды, 1673 айыппұл салынды. Айыппұлдардың сомасы 132 миллион теңгеден асты. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың санитарлық талаптарды бұзу фактілері анықталған жағдайда, мониторингтік топтар үйлестіру орталығына ақпарат жібереді, ол СЭС қызметкерлері үшін шұғыл хабарлама жазып береді», - деп хабарлады ЖБО жетекшісі Рустам Қожабеков.

Ал жеке тұлғалар мобильді топтардың рейдтерінің, сондай-ақ ішкі істер органдары берген материалдардың нәтижелері бойынша әкімшілік жауапқа тартылады.

Лауазымды тұлғалардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес, 19 қазаннан бастап мониторингтік топтар кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлерін вакциналау бойынша рейд шараларын бастады. Бірінші кезекте тіршілікті қамтамасыз ету және білім беру нысандары (колледждер) қамтылды.

«19 қазан мен 22 қазан аралығында облыстың мониторингтік топтары 57 нысанды тексерді, қызметкерлердің жалпы саны 13 929 адам, оның ішінде 12 752 адам (91,6%) вакциналанды», - деп толықтырды Рустам Қожабеков.

Сондай-ақ облыс бойынша «109» сенім қызметі жұмыс істейді. Аталған қызметке карантин режимін бұзу бойынша облыс тұрғындарынан өтініштер келіп түседі. Бұл ақпарат мониторингтік топтар тарапынан тексеріледі және расталған жағдайда шаралар қабылдау үшін санэпидбақылау органдарына жіберіледі.