Карантин: Қазақстанға шетелден ұшып келгендерге қатысты шектеулер қалай өзгерді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанға ұшып келгендерге қатысты қандай шектеу шаралары күшінде қалғанын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин: Қазақстанға шетелден ұшып келгендерге қатысты шектеулер  қалай өзгерді

Қазақстанға ұшып келген шетелдіктер қазіргі уақытта екі апталық карантинге жатқызыла ма? Індет өршіген уақытта әуе қатынасы бойынша мемлекеттерді қаупі бар топтарға бөлу тәртібі күшінде ме? «ҚазАқпарат» ХАА Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне осындай ресми сауал жолдаған еді.

«ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы № 48қаулысына сәйкес, халықаралық тұрақты әуе рейстері бойынша мемлекеттер үшін бірқатар шектеу шарасы күшінде қалған. Атап айтқанда І санатқа енгізілген Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Таиланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия, Малайзия, БАӘ, Беларусь, Түркия, Мысыр, Украина, Нидерланды, Ресей елдерінен келгендер термометрия мен сауалнамадан өтеді», - делінген жауапта.

Ал ІІ санатқа жататын Польша, Өзбекстан, Тәжікстан және үшінші санаттағы мемлекеттермен тұрақты емес (эвакуациялық және чартерлік) рейстер жасайтын елдер – термометрия мен сауалнамадан өтеді. Сондай-ақ осы мемлекеттердің азаматтары егер ҚР-ның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап 5 күннен кешіктірмей ПТР тәсілімен зертханалық зерттеудің теріс нәтижесі бар COVID-19 сараптамасының анықтамасы болса (бұдан әрі – анықтама) – Қазақстанға шектеусіз кіре алады. Анықтама болмаған жағдайда ұшып келген күннен бастап 48 сағат ішінде ПТР тәсілімен COVID-19 бойынша зертханалық тексеруден міндетті түрде өтуі туралы хабарлама беруі немесе 14 күнге үй карантині жатқызылуы керек.

І және ІІ санаттағы елдерден басқа барлық елдер бойынша тұрақты рейстерге тыйым салынған.

«ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері аталған елдердегі жағдайды қадағалап, эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде тиісті шаралар қабылдайды», - делінген жауапта.