Карантин кезінде табысынан айырылған қанша адам 42 500 теңгеден көмек алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2,3 млн-нан астам қазақстандық карантин кезінде табысын жоғалтқаны үшін біржолғы төлем алды. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Карантин кезінде табысынан айырылған қанша адам 42 500 теңгеден көмек алды

21 тамыз сағат 09.00-дегі мәлімет бойынша, шілдеде шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы төлем алуға азаматтардан 2 млн 582 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

«Төлем мөлшері ең төменгі жалақы көлемі – 42 500 теңгеге тең. Төлемді 2 млн 369,5 мың қазақстандық алды, оның ішінде 2 млн 360,7 мың адам тамыз айында карантиннің ұзартылуына байланысты 0,5 ЕТЖ – 21 250 мың теңге мөлшерінде қосымша ақы алды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда» деп хабарлайды министрлік.

Жәрдемақы алуға өтінім бірнеше арна арқылы қабылданады.

2 млн 582 мыңнан астам өтінімнің ішінде:

– 834,6 мың адам проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген;

– 676,2 мың адам Egov.kz порталы және telegram-бот арқылы;

– 408,3 мың адам 42500.enbek.kz порталы арқылы;

– 663,3 мың адам екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшасы мен интернет-ресурстары арқылы;

– 0,4 мың адам штаб арқылы өтініш берген.

Азаматтардың санаттары бөлінісінде:

– 834,6 мың өтініш бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден келген (проактивті форматта);

– 260,9 мың өтінішті жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілер берген;

– 1 млн 487,3 мың өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті (жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар).

Төлем 2 млн 375,6 мың адамға тағайындалды. Ақшалай қаражат 2 млн 369,5 мың қазақстандыққа аударылды.

Өтініш қабылдау 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.