Карантин: Көші-қон құжаттарын рәсімдеп үлгермегендер жауапқа тартыла ма

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен көші-қон қызметі орталығы уақытша жабылды. Көші-қон желісі бойынша мемлекеттік қызметтер халыққа тек «электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, азаматтардың арасында аса сұранысқа ие қызметтердің бірі – ел тұрғындарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару. Жыл басынан осы қызметті алу үшін 12 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жүгінген. Бұл – көші-қон қызметі бөліністері көрсеткен қызмет көлемінің үштен бірі. 7,5 мың адам бұл қызметті Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ онлайн-режимінде «электрондық үкімет» порталы арқылы алған.
«Қазіргі уақытта бірқатар қызмет түрлерін онлайн-режимге көшіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Әзірге бұл процесс аяқталған жоқ. Бұдан бөлек, адамдарды жауапкершілік туралы мәселе алаңдатады. Карантин кезеңінде техникалық себептерге байланысты құжаттарын ресімдеп үлгермегендер әкімшілік жауапқа тартылмайды», - дейді СҚО Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.
Жалпы жыл басынан облыста миграция қызметі халыққа 36 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен.