Карантин: «Қызыл» аймақтағы өңірлерде қандай шектеу шаралары енгізілмек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус бойынша «қызыл» аймақтағы өңірлерде қандай жағдайда «Ashyq» қосымшасын пайдалану енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин: «Қызыл» аймақтағы өңірлерде қандай шектеу шаралары енгізілмек
«Қызыл» аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданады. Бірінші кезеңде – R саны 1-ден артық болғанда, яғни аурудың таралуы күшейген кезде және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25-тен 50-ге дейін болғанда бизнес шектеусіз жұмыс істейді. Осы орайда - міндетті түрде маскалар жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрлерінде пайдаланылады», - деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, аурудың таралуы өршіген жағдайда білім беру ұйымдарында қосымша шектеулер енгізіледі

«Екінші кезеңде R-ға қарамастан, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50-ден астам болған кезде объектілерде «Ashyq» қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады. Көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50 пайызға дейін шектеледі. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қосымша шектеулер енгізіледі. Ұйымдар қызметкерлерінің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеуге ауысады», - деді министр.

Айта кетсек, коронавирустың таралу матрицасына сәйкес әзірге бірде-бір өңір «қызыл» аймақта емес. Тек Нұр-Сұлтан қаласы ғана «сарыда». Қалған өңірлер жасылда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, министр қыркүйек айында коронавирустың таралуы төмендеуі мүмкін екенін айтты.