Карантин мен төтенше жағдайда Ораза ұстағанда неге назар аудару керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл Ораза айы елімізде жарияланған төтенше жағдай режимімен тұспа-тұс келіп отыр.

Карантин мен төтенше жағдайда Ораза ұстағанда неге назар аудару керек

Осы ретте Алланың ризашылығы үшін 30 күн ауыз бекітіп, Исламның бес парызының бірін орындауға ниет еткен жандар неге баса назар аударған жөн? Осы және өзге сауалдың жауабын білмек болып Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлға жүгінген едік.

- Хасан Ташайұлы, карантин мен төтенше жағдайда ораза ұстағанда неге назар аудару керек?

- Екінші халифа Хазіреті Омардың дәуірінде қазіргідей карантин жағдайы болған. Яғни, ол кісі іс-сапармен Мадина қаласынан Шам өлкесіне (қазіргі Сирия) бара жатқанда, оған Шамда оба ауруы тарағаны туралы хабар жетеді. Сонда Хазіреті Омар ат басын бұрып, кері қайтқан екен. Өйткені, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде «Қайсыбір жерде оба ауруы тараса, ол жерге кірмесін, сол жердегі адамдар ол жерден шықпасын» деп өсиет айтқан болатын.

Сондықтан бүгінгі карантинде, әсіресе Рамазан айы ішінде біз - мұсылмандар сүннетке мойынсұнып, барынша санитариялық-эпидемиологиялық мекемесінің тәртібін қатаң сақтағанымыз, жергілікті биліктің талаптарына бағынғанымыз жөн.

- Аурушаң және қартайған адамдар ораза ұстамаса бола ма?

- Ислам діні ораза ұстауға шамасы келмейтін кісілерге жеңілдік береді. Құран Кәрімде: «Алла сендерге (әр нәрсенің) жеңілдігін қалайды, қиындықпен қинамайды», – делінген («Бақара» сүресі, 185-аят).

Шариғатта мерт болуы, белгілі бір ағзаның зақымдануы, жаңа аурудың пайда болуы және аурудың асқынуы қаупі күшейгенде, сондай-ақ жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өзі немесе жатырдағы баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады.

Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге және айықпайтын ауруға дұшар болып, ораза ұстауға шамасы келмейтін адамның ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ ұстамаған оразаның әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға (підия беруге) бұйырылды.

Жолаушының жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етіледі.

- Ал Тарауық намазын үйде оқуға бола ма?

- Алла Тағала адамзат баласына: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге тікпеңдер», – деп ескерту жасаған («Бақара» сүресі, 195-аят). Өмір – Алла Тағаланың берген аманаты.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұқпалы ауруға байланысты: «Науқас кісі дені сау адамға жақындамауы тиіс», – деген (Бухари, Муслим).

Мұнымен қоса шариғатта «Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» деген қағида бар.

Ислам діні кейбір ғибадаттарды қауіпті жағдайларда уақытша тоқтатуға рұқсат береді. Мысалы, адамның өміріне, денсаулығына, мал-мүлкіне, бала-шағасы мен отбасы мүшелеріне әлдебір залал тиетін болса, шариғатымыз оның мешітке келіп, бес уақыт намазды жамағатпен оқуын, тіпті жұма намазға қатысуын міндеттемейді.

Сондықтан, мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты биыл Рамазан айында мешіттерде тарауық намазы оқылмайды. Оны әркім өз үйінде отбасымен бірге оқи алады.

- Қазіргі уақытта мешіттер жабық, бірақ бізде халық садақаларын мешітке алып барып беруге үйренген. Бұл мәселе жөнінде не айтасыз?

- Садақаны әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен кедей бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне береді.

Ондай адам табылмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.

Биыл рамазан айында берілетін пітір садақасы мен зекетті kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аударуға болады. Мобильді қосымшаға әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізіледі. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетін үйден шықпай онлайн режимде аудара алады.

Дегенмен, ораза құлшылық әркім өзі жеке орындайтын ғибадат. Сондықтан ораза ұстауға шамасы бар кісілер өзіне де, өзгеге зиян келтірмейтін жағдайда ораза ұстауы керек.

Жаратқан Иеміз елімізге амандық, ауруға дұшар болған азаматтарымызға саулық бергей! Рамазан айында құлшылық етіп, елімізге, отанымызға қайырлы дұғалар жасап, өткізуді нәсіп еткей! Әмин.

- Сұқбатыңызға рахмет!