Карантин: Мониторингілік топтардың жұмыс ережесі әзірленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мониторингілік топтарды құру және мониторинг жүргізу тәртібін әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Құжат «Ашық НҚА» порталында 3 ақпанға дейін қоғам талқысына шығарылды.

Оған сәйкес, мониторинг топтарының қызметі жеке және заңды тұлғалардың қоғамдық тәртіпті сақтауын, оның ішінде инфекциялық аурулардың таралу қаупінің алдын алуға байланысты карантин шектеулерін орындауын қадағалауға бағытталады.

Мониторингілік топтардың құрамына әкімдіктердің, ішкі істер органдарының өкілдері, қоғам өкілдері мен еріктілер, басқа да мүдделі тұлғалар кіре алады.

Құрылған мониторинг топтарының құрамы мен өкілеттіктері туралы ақпарат және іс-қимыл алгоритмі БАҚ пен әкімдіктердің сайттарында жариялануы керек. Олардың қызметін үйлестіріп, өтетін рейдтерді алдын ала жариялауға жауапты лауазымды адамдарды әкімдіктер тағайындайды.

Ереже жобасында мониторинг топтары эпидемиологиялық жағдай матрицасындағы «сары» және «қызыл» аймақта орналасқан өңірлерде ғана бақылау жүргізе алатыны айтылған.

Рейдтке шығатын топ мүшелерінің бәрінде «жасыл» мәртебе болуы шарт.

Рейд барысында мониторинг тобы нысанда мынадай сипаттағы тексерулер жүргізе алады:

объектінің қызметін шектеуге қойылатын талаптарды сақтау (Жұмыс режимі);

банкет, үйлену тойы, мерейтой, еске алу сияқты шараларды және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуді шектеуге қойылатын талаптарды сақтау;

әлеуметтік қашықтықты сақтау;

маска режимін сақтау;

келушілер санының лимитін сақтау;

қызметкерлердің COVID-19-ға қарсы вакцинациядан өтуі;

келушілер мен қызметкерлерді QR-код арқылы сәйкестендіру арқылы ғана өткізу талабын сақтау.

Мониторинг тобы рейд жүргізілген нысаннан санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылғанын анықтаса, материалды үйлестіру орталығына бір сағат ішінде жолдауы керек. Ал айғақ материалдарын екі сағат ішінде ұсынуы керек.

Ереже бойынша, мониторинг жүргізу шарасын тексерумен шатастыруға болмайтыны ескертілген. Сондай-ақ, мониторинг топтарының әкімшілік құқық бұзу туралы істерді қозғау құзыреті де тым шектеулі екені, оның нақты регламенті бар екені айтылған.


Соңғы жаңалықтар