Карантин нәтижесі: СҚО-да КВИ жұқтыру 1,3 есе азайды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шектеулерді күшейту нәтиже беріп жатыр. Өткен аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 1,3 есе азайған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО-да өткен тәулікте КВИ жұқтырудың 70 жағдайы тіркелді. Ауырғандар барлық 13 ауданда және Петропавлда анықталған. СҚО бас мемлекеттік санитар дәрігері Әсет Жұматаевтың айтуынша, өткен аптада қауіпті індетті жұқтырушылар саны 1,3 есе азайып отыр. Бұл дер кезінде қолға алынған карантиндік шектеу шараларының нәтижесі.
«Облыста барлық ауырғандар саны 11 179. Оның 382-сі сырттан әкелінген. 16 %-інде профилактикалық тексеру кезінде, ең көбі – 6791 адам немесе 61 %-ы медициналық көмекке жүгіну барысында анықталған. 23 %-ы ауырғандармен байланыста болып КВИ жұқтырған», - дейді Әсет Жұматаев.
Қазір облыста 452 адам инфекциялық стационарларда ем алса, соларың 22-сінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімдерінде жатыр. 42 адам қайтыс болды.
СҚО бас санитар дәрігері бұған дейін брифингте оқушыларға қатысты ақпаратпен бөлісті.
Сондай-ақ, Әсет Жұматаев коронавирусқа қарсы вакцина алғаннан кейінгі жағдайын айтып берді.