Карантин орталығы Қырғызстаннан келетін жемістерге неліктен қадағалауды күшейту керектігін түсіндірді

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» директорының орынбасары Бауыржан Қалиев айтып берді.
Республикалық карантин орталығының құрамында бүгінгі күні барлық облыс орталықтары мен шекаралық өткелдерде 20 карантиндік зертхана жұмыс істейді. Ақтау портында, Қорғаста, Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш ауданында осындай зертханалар бар. Олармен бірге соңғы уақытта жабылып қалған Қордайдағы зертхана қайта жарақталып, Қырғызстанмен шекарада қадағалау жұмысы күшейтілген.
«Қазақстанға сырттан келетін, фитосанитариялық қадағалауға жататын өсімдік тектес өнімдерді зертханадан өткізіп, өнім карантинге жата ма, жоқ па анықтап береміз. Одан кейін карантиндік инспекторлар тексереді де, күдіктенетін болса, немесе өнімнің арасынан зиянкес жәндік табылып жатса, ары қарай шешім қабылдайды. Яғни, жүктің иесімен сол жерде залалсыздандыру жұмысын жүргізеді немесе қайтарады», - дейді Бауыржан Қалиев.
Оның айтуынша, карантин орталығына жыл басынан бері республика бойынша 18 мыңнан аса үлгі келіп түскен.
«Осы үлгілерге 54 мыңнан астам сараптама жасалып, соның ішінде 924 жағдайында карантиндік белгілер тіркелді. Демек, ол өнімдер нарыққа енгізілмейді немесе залалсыздандыру тұрғысынан шара қабылданады. Өзбекстаннан келген өсімдік тектес өнімдерді тексеру бойынша 127 жағдайда карантиндік зиянкестер тіркелген. Ал Қырғызстан бойынша 15 жағдай болған. Бірақ, Өзбекстан бойынша 127 жағдай болған күннің өзінде ол жақтан келген өнімдерден зиянкестердің 3 түрі ғана анықталып отыр. Ал Қырғызстаннан келген 15 жағдайда 9 түрлі карантиндік зиянкестердің бары белгілі болды. Сондықтан, ол жерде бақылауды күшейту дұрыс деп есептейміз», - дейді ол.
Бауыржан Қалиевтың айтуынша, Қырғызстан ЕАЭО-ға кіргеннен кейін кедендік бекеттерде кейбір фитосанитариялық талаптардың алып тасталғаны белгілі.
«Қазіргі таңда еліміздегі қаладағы көтерме сауда базарларынан, басқа да жерлерден зиянкестері бар өнімдер табылып жатыр. Соған байланысты Қордайдағы жауып тастаған зертханамызды қайтадан жарақтап, іске қостық. Ол жақтағы қадағалау жұмысы күшейтіліп жатыр», - дейді ол.
Сонымен қатар, Бауыржан Қалиев Қырғызстандағы жемістерден табылған зиянкестердің түрлері бойынша айтып берді.
«Қырғызстаннан келген картоптың нематодасы екі жағдайда тіркеліп отыр. Картоптың күйесі бар. Шабдалыдан жеміс-жемірлері, комсток сымыры, алмадан калифорниялық қалқанша сымыры анықталды. Әлбетте, олардың барлығы біздің жерге кеңінен тарап кететін болса, зиянын тигізеді. Екіншіден, нематода топыраққа таралса, оны қалпына келтіру үшін қаншама препарат, қаншама қаржы керек. Ол экономикалық шығын. Бұл тұрғыда экспорттық әлеуетімізге зиянын келтіреді. Біздің тауар өндірушілерге кедергі болады. Басқа елдерден келетін жемістерден зиянкестердің 1 немесе 3 түрі ғана кездеседі. Ал Қырғызстанда зиянкестердің ең көп түрі анықталып отырғандықтан, ол жақта қадағалауды күшейткен дұрыс», - деп түйді Бауыржан Қалиев.