Карантин режимі: Google браузерінде кейбір жануарларды 3D форматында көруге болады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин кезінде балалар бос уақытын қалай өткізуі керек? Оларға арналған ертегі, мультфильм, кітаптар мен әртүрлі ойындар көп. Тіпті, онлайн форматта балаларға арналған спектакльдер мен шоуларды көруге болады.

Карантин режимі: Google браузерінде кейбір жануарларды 3D форматында көруге болады

Америкалық «Google» трансұлттық корпорациясы да балаларды қуанту ниетімен кейбір жануарлардың суретін 3D форматында көру мүмкіндігін жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

AR – augmented reality немесе қосымша шынайы өмір. «Google-дің» іздеу жүйесіне кейбір жануарлардың атын жазып, оларды 3D форматында көруге болады. Оларды мұндай форматта көрген балада жан-жануарлар әлеміне ерекше түрде саяхат жасау мүмкіндігі туады.

3D форматындағы жануарлар – карантин режиміндегі балалар үшін ең жақсы ермектің бірі. Тіпті 3D форматындағы жануармен суретке түсуге болады.

Мысалы, іздеу жүйесіне «жолбарыс» деген сөзді жазсаңыз, оның қандай жануар екендігі туралы ақпарат пен оның бірнеше суреті шығады. «Суретті шынайы өмірдегідей көру» немесе «3D форматында көру» деген нұсқалары да бар. Одан кейін жолбарыстың салмағы, өмір сүру ұзақтығы және басқа да оған қатысты қызықты мәліметтер шығады. Сондай-ақ, жануарларды аталған форматта көрудің танымдық мәні зор, себебі жануардың өмірде қаншалықты үлкен екенін білуге болады.

3D форматында аллигатор, балық, аю, мысық, гепард, бұғы, ит, үйрек, пингвин, панда, қой, кірпі, жылқы, арыстан, құс, акула, пони, жылан, тасбақа, қасқыр және қоянды көруге болады.