Карантин режимін бұзған 73 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды – министрлік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан коронавирусқа байланысты шектеу талаптарын бұзған 73 мекеменің қызметі уақытша тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, шектеу режимін бұзу оқиғаларының басым бөлігін карантин кезінде қызметіне тыйым салынған нысандардың жұмыс істеуі, шектеу режимін сақтамау, бұқаралық іс-шараларды өткізу құрайды.
Осы жылдың 1 қаңтары мен 17 мамыры аралығында мониторинг топтары 85 118 рейд жүргізіп, 530 887 нысанды тексерген. Нәтижесінде 15 170 нысанның (2,8%) карантин талаптарын бұзғаны тіркелді.
Карантин режимін бұзу оқиғалары негізінен анықталды:
- Шығыс Қазақстан облысында (3746);
- Түркістан облысында (2344);
- Алматы (984) облысында;
- Алматы қаласында (2115);
- Шымкент қаласында (1666).
«Жұмыс барысында 2662 кезектен тыс тексеріс жүргізіліп, кәсіпкерлерге 2438 ұйығарым тапсырылды. Сотқа 281 материал жіберілсе, 73 нысанның қызметі уақытша тоқтатылды.
8613 нысанға және 6 576 жеке тұлғаға жалпы сомасы 1, 210 миллиардтан астам теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды. Жеке тұлғалар көбіне қоғамдық орындарда (жабық ғимараттарда, көлікте) бетперде кимегені үшін жауапкершілікке тартылған», - делінген комитет ақпаратында.