Карантин режимінің ұзартылуы: Өңір әкімдеріне тапсырма берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Карантин режимінің ұзартылуына байланысты өңір әкімдеріне тапсырма берілді. Бұл туралы кеше өткен Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Карантин режимінің ұзартылуы: Өңір әкімдеріне тапсырма берілді

Карантин режимінің ұзартылуына байланысты өңірлер әкімдіктеріне бизнес субъектілерімен карантин шаралары аяқталғаннан кейін олардың қызметін қалпына келтіру бойынша алдын ала жұмыс жүргізу тапсырылды.

Сондай-ақ, жиында Денсаулық сақтау министрлігіне ағымдағы жылдың 5 тамызына дейін енгізілетін нысандар бойынша санитарлық талаптарды бекіту және жариялау тапсырылды.

Еске салсақ, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия Президент тапсырмаларын ерекше бақылауға алды.

Айта кетсек, Қазақстанда шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді.