Карантин: Сайрамда келін түсіріп, қыз ұзатқандар анықталды

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Сайрамдық полицейлер карантин кезінде қонақтар шақырып, той өткізіп жатқан тұрғындарды анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантин: Сайрамда келін түсіріп, қыз ұзатқандар анықталды

Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарының сақталып, оның орындалуы барысында қарқынды жұмыс жүргізуде.

Осындай кезекті жұмыс күнінде Сайрам АПБ-не Манкент ауылындағы тұрғынның бірі өз үйінде 50-ден астам азаматтарды жинап, келін түсіру тойын өткізіп жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті.

Ақпарат алысымен аталмыш мекен-жайға аудандық полицейлер мен әкімдік қызметкерлерінен құрылған мобильдік топ тез арада жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді.

Нәтижесінде полицейлер ығы-жығы адам жиналған тойды тоқтатты. Карантин талаптарын сақтамай, өрескел құқық бұзғаны үшін той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы» хаттама толтырылды.

Жинақталған ақпараттар шешім қабылдау үшін тиісті органға жіберілді. Ауданда осыған ұқсас тағы екі жайт тіркелді. Оның бірінде жергілікті тұрғын өз үйіне 20-дан астам адам жинап, келін түсірген. Ал келесі тұрғын 15-тен астам адам жинап, қыз ұзату тойын өткізген. Бұл екі жайтта да мобильдік топ шұғыл жетіп, адамдардың көптеп шоғырлануына жол бермей, той-жиындарды тоқтатқан.