Карантин: ШҚО-да шектеу шараларын сақтамайтындар азаяр емес
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат –Шығыс Қазақстан облысында карантин талаптарын сақтамайтындар әлі де анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде арнайы құрылған мониторингілік топтар шектеу шараларының сақталуын қадағалау үшін қоғамдық көліктерде, дүкендерде, дәріханалар мен басқа да мекемелерде күн сайын рейдтер жүргізуде.
«Өскеменде өткен тәулікте мониторингтік топтар 178 нысанды тексерді. Облыстың бас санитарлық дәрігері белгілеген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзудың 9 фактісі тіркелген. Келушілерге маскасыз қызмет көрсеткен дүкен сатушыларына 218 775 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Ал Семейде 319 объектіге тексеру жүргізілген. Тексерулер кезінде 13 бұзушылық тіркелді. Оның ішінде сауда үйлерінде, базарларда маска тақпағандар және бұқаралық іс-шара ұйымдастырғандар болды. 175 020 теңге сомасына 4 хаттама толтырылған», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.
Сонымен қатар Риддер қаласында 5 рейд өткізіліп, соның барысында мониторингтік топ мүшелері 72 нысанды аралады. Маска режимін сақтамаудың 3 фактісі тіркелген.
Курчатов қаласында 33 кәсіпкерлік нысаны тексеріліп, 1 бұзушылық анықталды. Глубокое ауданында өткен тәулікте 122 объектіге 18 рейд жүргізілген. Далада маска тақпай жүрген тұрғынға 43 755 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.