17:37, 17 Тамыз 2020 | GMT +5
Карантин талабын бұзған 123 заңды тұлға 62,6 млн теңге айыппұл төледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Карантин талабын бұзған 123 заңды тұлға 62,6 млн теңге айыппұл төледі. Бұл ақпаратты ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылғы шілденің 5-інен бастап осы күнге дейін карантин талаптарын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425-бабымен 123 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. 13 тамыздағы деректерге сәйкес, заңды тұлғалар төлеген әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы 62,6 млн теңгені құрады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Бұған дейін осы жылдың 5 шілдесінен бері жабық ғимаратта, қоғамдық орындарда және көшеде маска тақпағаны үшін 2 778 адамға айыппұл салынғанын хабарлаған едік.