Карантин талаптарын сақтамағандарға 100 млн теңге айыппұл салынды – Түркістан

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамағандарға 100 млн теңгеден астам айыппұл салынған. Бұл туралы облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантин  талаптарын сақтамағандарға 100 млн теңге айыппұл салынды – Түркістан

Нұрбек Нышановтың айтуынша, өңірде 5 шілде мен 1 қыркүйек аралығында 53 мобильді топтармен карантин режимі кезінде қызметін жүзеге асыратын нысандарға мониторингілеу жұмыстары жүргізілген. Рейд жұмыстарының нәтижесі бойынша 19 489 нысан тексеріліп, карантин талаптарын бұзған 2181 нысан анықталған. 2097 жеке тұлғаға 30 АЕК көлемінде, 67 жеке кәсіпкер мен 7 заңды тұлғаға, 10 лауазымды тұлғаға 230 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Заңбұзушыларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 2181 хаттама толтырылып, 114 млн 217 470 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бүгінгі күнге оның 87 млн теңгеге жуығы өндірілген.


«Карантин кезінде облыс аумағында 41 беташар, 6 келін түсіру, 23 қыз ұзату, 5 құдайы тамақ, 16 құдалық, 5 бесік той, 2 тұсау кесер және сүндет той, 10 ұжымдық жиын, жалпы 108 отбасылық, мерекелік іс-шаралар анықталып, тоқтатылды. Түркістан облысы бойынша 1 қыркүйекке дейін қызметін қайта бастауға InfoKazakhstan.kz сайты арқылы санитарлық нормаларға сәйкестік актісін алуға аталған порталға 27 410 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 23 617 нысанға хабарлама беру арқылы рұқсат берілсе, 165 нысанды көріп тексеру арқылы рұқсат берілді. 1220 өтінішті қанағаттандырудан бас тартылған және 75 нысан қаралуда»,- деді Нұрбек Нышанов.