Карантин жағдайында елордада мектеп асханасы қалай жұмыс істеп тұр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемияға байланысты халық өмірінде көптеген өзгеріс пайда болды. Күнделікті тіршілікке карантин енгізіліп, ортақ ережеге бағыну талабы қойылды. Шектеу шаралары білім беру мекемелерін де айналып өтпеді. Мектептің және ондағы асхананың жұмысы қалай ұйымдастырылған, оны кім қадағалайды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын ҚазАқпарат тілшісі елордадағы №20 орта мектебінің директоры Болат Бимендиннен сұрап білді.

Карантин жағдайында елордада мектеп асханасы қалай жұмыс істеп тұр

«Біздің мектептің асханасы жеке кәсіпкерлік жүйесімен жұмыс істеп тұр. Яғни кәсіпкер азық-түлікті жеткізуге, ас әзірлеуге және оның сапасына толықтай жауапты. Біздің мектепке жауапты кәсіпкерге келсек, ол кісінің мектеп асханасы саласында 20 жылдық еңбек өтілі бар. Яғни саланың қыр-сырын біледі. Алдымен мектепте оқушылардың тамақтану процесін ұйымдастыру үшін комиссия құрылды. Оның құрамына директор орынбасары, медицина қызметкері және әлеуметтік педагог кіреді. Медицина қызметкері күнделікті алдын ала дайындалатын астың құрамы мен дәмін тексеріп отырады. Әрине мектепте де, асханада да санитарлық талап қатаң сақталады. Асханаға келсек, балаларды бұрынғыдай топырлатып кіргізбейміз. Асхана үстелдері арасында қашықтық режімі сақталған және әр сынып кезекпен тамақтанады», - деді мектеп директоры Болат Бимендин.

Оның айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігін қамту мақсатында мектепте тамақтанудың арнайы кестесі жасалған. Ол бойынша әр сыныптан кейін асханада 20 минут үзіліс қарастырылған.

«Елордалық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, мектеп аумағына ата-аналардың кіруіне тыйым салынған. Сондықтанда әзірге ата-аналар ас қауіпсіздігін тікелей бақылай алмайды. Негізі комиссияның құрамында ата-аналар да бар. Мектепке кіруге рұқсат берілгеннен кейін олар тамақ сапасын қадағалау процесіне қатыса алады. Әзірге ата-аналар тарапынан мектептегі асқа қатысты арыз-шағым болмады. Одан бөлек, тамақ қауіпсіздігі мен жалпы мектепте санитарлық талаптың орындалуын эпидемиологиялық қызмет мамандары жоспарға сай тексеріп отырады. Айтар болсақ, жуырда 23 қыркүйек күні санэпидемия қызметкерлері кезекті тексерумен келіп кетті. Ескере кеткен жөн, эпидемиологиялық қызмет тарапынан тексеру жоспарға сай жүргізіледі, егер ата-ана немесе оқушы тарапынан тамаққа қатысты шағым түссе, онда жоспардан тыс шұғыл тексеру өтеді», - дейді ол.



Мектеп басшысының мәліметінше, асхана мәзірін еліміздің Тағамтану институты ұсынып, әзірлеп, қалалық Білім беру басқармасы бекітеді.

Сондай-ақ, аталған мектеп басшысы тамақ ақысы төлеміне қатысты түсінік беріп өтті.

«Біздің мектепте биылдан бастап тамақ төлемін LRT картасы арқылы жүзеге асыру енгізілді. Аталған төлем картасының артық тұстарына тоқталып өтсем: бір картамен бала тамақтың ақысын да, автобус ақысын да төлей алады. Екіншіден, картадағы ақшаға ата-ана бақылау жүргізе алады. Яғни баласы күнделікті қанша ақша жұмсады және қайда жұмсағанын мобильді қосымша арқылы біліп отырады. Жарнама жасағаным емес, дегенмен басқа банк карталарында мұндай мүмкіндік жоқ. Әрине, басқа картамен төлеуге тыйым салынбайды. Бірақ ыңғайлылық үшін біз LRT картасын енгізіп жатырмыз», - деді Б. Бимендин.

Айта кетсек, аталған мектеп елордадағы әріден келе жатқан білім беру ошақтарының бірі. Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат салынып, ол 2019 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде №20 мектепте 1500-дей оқушы қазақ және орыс тілінде білім алып жатыр.