Карантиндегі ауыл: Ақмола облысында түйнеменің қайдан шыққаны анықталып жатыр

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Үшқарасу ауылында түйнеме ауруының тіркелуі бойынша жарияланған карантин қыркүйектің 14-де аяқталуы тиіс. Қазіргі кезде жағдай тұрақты, алаңдауға еш негіз жоқ, мамандар түйнеменің қайдан шыққанын анықтап жатыр. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантиндегі ауыл: Ақмола облысында түйнеменің қайдан шыққаны анықталып жатыр

Басқарма басшысының айтуынша, түйнеменің (сібір жарасы) таралуына байланысты түрлі нұсқа бар. Олардың барлығын жоққа шығаруға болмайды.

«Жуырда БАҚ-та түйнеменің борсық арқылы тарағаны туралы ақпарат шықты. Біз оны жоққа шығармаймыз. Инфекция көзі борсық, шөп және астық болуы мүмкін. Бұлардың барлығынан сынамалар алынып, зерттеліп жатыр. Бірақ әзірге нақты ақпарат жоқ», - дейді Талғат Жүнісов ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Басқарма басшысы атап өткендей, 30 ірі қараға қарасан тиіп, 536 келі ет тәркіленді. Ауру мал мен ет мал қорымында өртеу жолымен жойылды.

«Карантиндік шаралардың нәтижесінде ауылдағы өзге ірі қараның қарасанға шалдығу дерегі тіркелген жоқ. Карантин тамыздың 31-де жарияланып, қыркүйектің 14-де алынады. Әзірге алаңдауға еш негіз жоқ», - деп толықтырды Талғат Жүнісов.

Айта кетсек, бұдан бұрын ақмолалық дәрігерлер түйнеме жұқтырған науқастардың жағдайы туралы айтқан еді.