Карантиндегі жұлдыз: Опера әншісі концерт берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана Операның» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова «Карантиндегі жұлдыз» жобасы аясында онлайн концертті берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Карантиндегі жұлдыз: Опера әншісі концерт берді

«Уақыт тауып, тікелей эфирден өнерімді тамашалаған баршаңызда мың да бір рахмет! Бүгінгі кеш көңілдеріңізден шықты деген ойдамын. Осы ретте қолдау білдірген Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақтелеком» компаниясына алғысымды айтамын. Бүкіл жұрт ел басындағы күрделі кезеңде бірлікті танытып жатыр. Алда ерекше мерекелеріміз келе жатыр. Бұл індетті еңсереміз деген ойдамын», - деді кеш барысында Салтанат Ахметова.

Онлайн-концертте әнші жалғыз өнер көрсеткен жоқ. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрінің әншілері Жәнібек Сапаров пен Жібек Сапарғалиева да музыкалық аспаптармен өнерін паш етті. Олардың орындауында қазақтың халық әндері «Бір бала», «Япурай», сонымен қатар М.Петренконың «Вальс», «Берегись автомобиля» кинофильмінен А.Петровтың әуені, А.Пьяццолланың «Либертанго» шығармалары көрерменге жол тартты.

Салтанат Ахметова онлайн-концертке үлкен дайындықпен келген екен. Халық аузындағы әндерді шырқап, кеңес дәуіріндегі кинофильмдердің саундрегін де шырқады. Халық әндерінен Ақ баян, Дедім ай ау, Япурай, Дударай әндері орындалды.

Салтанат Ахметованың Италиядағы Вокалдық өнер академиясында (Accademia d’Arte Lirica, Озимо қ., 2009) машықтанудан өткенін атап өткен жөн. Әнші Винченцо Де Виво, Серджио Сегалини, Альберто Дзедда, Джанни Тангуччи, Кристина Мути, Райна Кабайванска, Лелла Куберли, Уильям Маттеуци, Сильвия Саш, Антонио Юварра, Стефано Демикели, Харриэт Лоусон, Карло Морганти сынды атақты маэстролардың шеберлік сабақтарынан тәлім алған.