Карантиннен зардап шеккен ШОБ субъектілері МӘМС жарналарынан босатылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев экономиканың ең көп зардап шеккен ШОБ субъектілері МӘМС жарналарынан босатылғандығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкіметтің 2020 жылғы 20 сәуірдегі қаулысына сәйкес 2020 жылдың 1 қазанына дейін ШОБ субьектілерінің 29 санаты және 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ірі кәсіпкерліктің 10 санаты жарналар мен аударымдардан босатылған болатын.
«ҚР Президентінің 1 қыркүйектегі Жолдауында экономиканың ең көп зардап шеккен салаларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерін МӘМС жарналары мен аударымдарынан босату кезеңі жыл соңына дейін ұзартылды», — деді Т. Әбілдаев.
Өз қызметкерлерін сақтандыру үшін жұмыс берушілер олардың деректерін msb.fms.kz сайтында тіркеуі тиіс және ай сайын ақпаратты жаңартып отыру қажет.