Карантиннің күшейтілуі: Ақтау әкімі рейдке шықты

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бастаған әкімдік қызметкерлері мен жергілікті полиция өкілімен бірлескен топ қаладағы бірнеше нысанға кезекті рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантиннің күшейтілуі: Ақтау әкімі рейдке шықты

Маңғыстау облыстық Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 21 қазаны күнгі Қаулысына сәйкес, дәмханалар мен мейрамханаларға сағат 22.00-ге дейін ғана қызмет етуге рұқсат берілген болатын. Алайда, 12-шағынауданда орналасқан «Sovereign Pub» және «Кристалл», «Шығыс-2» шағынауданындағы «Бай-ер» дәмханалары ережені ескермей, 22.00-ден кейін жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Қоғамдық ас ішетін орындардың иелерінен түсініктеме алынып, акт толтырылды.

Аталған нысан иелеріне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынбақ.

Айта кетейік, елімізде індеттің алдын алу мақсатында қабылданған Бас санитарлық дәрігердің Қаулысының орындалуын бақылау мақсатындағы мониторингілік топ жұмысы күнделікті жалғаспақ.