Карантиннің жеңілдетілуі: Сотталғандар туыстарымен қайта кездесе алады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқандарға туған-туыстарымен кездесуге қайта рұқсат етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Карантиннің жеңілдетілуі: Сотталғандар туыстарымен қайта кездесе алады

ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде сотталғандар өз туыстарымен және жақындарымен кездесуі үшін дайындық шаралары жүргізіліп жатыр.

Мекемелердің дайындығын аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер бағалайтын болады.

Дегенмен, коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі әлі де бар екенін ескере отырып, ұзақ мерзімді кездесулер бір ғана ересек адаммен рұқсат етіледі. Бұл ретте, кездесуге келген азамат ПТР-тестілеудің теріс қорытындысы туралы анықтаманы ұсынуы қажет және оның мерзімі 5 күннен аспауы тиіс.

«Ал қысқа мерзімді кездесулер барлық санитарлық-эпидемиологиялық шаралар сақтала отырып, әдеттегідей тәртіпте берілетін болады», - дейді ҚР ІІМ ҚАЖ комитеті төрағасының міндетін атқарушы Есқали Саламатов.

ҚАЖ комитетінің хабарлауынша, Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес ұзақ мерзімді кездесулер 2 тәуліктен аспайды және алдын ала жазылу арқылы ұйымдастырылады. Ұзақ мерзімді кездесуден шыққан сотталғандар 14 күндік карантинге орналастырылып, өзге адамдардан оқшауланады. Бұл шаралардың барлығы сотталғандардың ауруды жұқтырмауы үшін және колонияларда тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау мақсатында қабылданып жатыр.

Еске салсақ, карантинге байланысты жүзбе-жүз кездесулер тоқтатылған уақытта телефон және видео арқылы байланыс қамтамасыз етілген болатын. Осы уақыт аралығында сотталғандарға 18 мың бейнебайланыс, 350 мыңға жуық телефонмен және ұзақтығы 15 минутты құрайтын бейнесөйлесулер берілсе, 5 мыңдай адам ұзақтығы 2 сағаттан бейнекездесулерге мүмкіндік алған.