Қараша айында бір ауысымда 750 келушіні қабылдайтын жаңа емхана ашылады
АСТАНА. 21 тамыз. ҚазАқпарат - 2013 жылғы қарашада Астанада Сарыарқа ауданында бір ауысымда 750 келушіні қабылдайтын жаңа емхана ашылады. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.
Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жыл соңына дейін Астана қаласының Алматы-2, Сейфуллин, Жамбыл көшелерінің аумағында жаңа амбулаторлық-емханалық кешен (бір ауысымда 500 келушіге арналған ересектер емханасы мен 250 келушіге арналған балалар емханасы) ашу жоспарланған.
«Жаңа денсаулық сақтау мекемесінде елорда тұрғындарына қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес медициналық көмек көрсетіледі, ересектер мен балаларға медициналық жәрдем көрсету үшін қолайлы жағдайлар жасалады», - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, жыл сайын Астана халқының саны 40 мыңға артады. Нәтижесінде, жергілікті емханалардың жұмысы көбейеді. Бұл мәселені шешу үшін елорда әкімі жыл сайын жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу арқылы амбулаторлық-емханалық қызметтерді кеңейтуді көздеп отыр.